Жылан жылы келді!
03.04.2013
«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ында Наурыз мейрамы – жыл басы дәстүр бойынша биыл да жоғары дәрежеде тойланды. Осы мерекені қалай көл-көпір атап өтсең, жыл да солай берекелі болады деген халық нанымы бар емес пе? Біздің Компаниядағылар да әрқашан жаңа жылға үлкен үміт артады, сол себепті де тамаша тойға барын салады. Мереке қарсаңында – 20 наурызда офисте қызметкерлер мен келген қонақтар дәстүрлі наурыз көжеден дәм татты. Ал Әлібекмола мен Қожасай кен орындарында вахтадағы мұнайшылар үшін мерекелік дастархан жайылып, концерт қойылды.
Дәстүрге сай офисте салтанатты жиналыс өтті, онда Компания басшылығы ұжым мүшелерін Наурыз мейрамымен құттықтап, Жылан жылында жаңа табыстар тіледі. Ұлттық киім киген қыздар мен жігіттер салтанатқа айрықша көрік беріп, тойдың сәнін келтіргендей болды. Салт бойынша әріптестер бір-бірімен көрісіп, ізгі тілектерін айтып жатты.
21 наурызда Ақтөбе қаласында Тұңғыш Президент атындағы саябақ аумағында қала бойынша өткен негізгі мерекелік шараларға «Қазақойл Ақтөбе» де белсене атсалысты. Қонақтар мен қала тұрғындары арнайы тігілген киіз үйге кіріп, мерекелік дастарханнан дәм татып, ризашылықтарын білдіріп жатты. Ал арнайы шақырылған ардагер ағалар құр қол қайтпады, оларға ұжым атынан бағалы сыйлықтар ұсынылды. Батамен ел көгереді дегендей, ақсақалдар кетерінде Компанияға құт-береке тілеп, бата берді. Біздің киіз үйге бас сұғып, дәм татқандардың қатарында облыс пен қала басшылығы да болды.
Компания жастары ұйымдастырған профлеш акциясы (халық пен БАҚ назарын аударуға бағытталған көпшілік шара) осы жылғы еске қаларлық әсем көріністердің біріне айналғанына куә болғандаймыз. Өйткені халықтың шынайы ықыласын көрдік: қазақ әндерінің әуенімен ҚОА отауы жанында мың бұрала билеген қыз-жігіттеріміздің өнерін көрермендер қол соға қарсы алды.