Жұбанов университетінің 29 студенті оқу ақысына жеңілдік алды

11.12.2023

Жұбанов университетінің 29 студентіне «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС тарапынан бір реттік оқу ақысына жеңілдік берілген сертификаттар табыс етілді.

Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Есбол Мұханбетқалиев университетте әлеуметтік жағдайына байланысты және белсенді, үздік оқитын студенттерге түрлі жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтіп, жастарға қолдау танытқаны үшін Компания өкілдеріне алғысын білдірді.

«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС кадрлар және әлеуметтік мәселелер бойынша департамент директоры Аскат Утегенов Компания Мұғалжар ауданынан шыққан студенттерге басымдық бергенін, оның ішінде әлеуметтік жағдай басты назарға алынғанын айтты.
— Білімді жастар – біздің болашағымыз. Жастарға қолдау танытуға әркез дайынбыз, — деді Аскат Утегенов.

Кездесуге келген Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов бұл жастарға берілген керемет мүмкіндік екеніне тоқталды.