«ҚАЗАҚОЙЛ АҚТӨБЕ» ЖАРКЕМЕРДІ ГАЗДАНДЫРУҒА КӨМЕКТЕСТІ

24.10.2023

Өңірдегі ірі мұнай-газ өндіруші кәсіпорын «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС жоғары корпоративтік стандарттарды ұстанатынын тағы да дәлелдеді. Республика күні қарсаңында әлеуметтік жауапкершілік аясында компания жер қойнауын пайдаланушы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға өз үлесін қосты.

— Біздің кәсіпорынның демеушілігінің арқасында Мұғалжар ауданы Жаркемер ауылының тұрғындары табиғи отынға қол жеткізді. Осылайша, біздің компания шарттық міндеттемелері аясында облыстағы тағы бір елді мекенді газдандыруға өз үлесін қосты, — дейді «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС кадр және әлеуметтік мәселелер департаментінің директоры Аскат Өтегенов.

Ол 16 қазанда ауыл тұрғындарының үйлеріне газ тарту рәсіміне компания атынан қатысты. Оған Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов, Батпақкөл ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Боқашев және ауыл тұрғындары қатысты.

Дархан Ермағанбетов құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында газбен қамту ауылдық елді мекендерді одан әрі перспективалы дамытудың негізі екенін атап өтті.

Мейрамбек Боқашевтың айтуынша, Батпақкөл ауылдық округіне Жағабұлақ, Жаркемер, Қожасай және Саға ауылдары кіреді. Бүгінде Жаркемерде 16 түтін, 81 адам бар.

— Газдандыру ауылымыздың дамуына тың серпін береді. Ең бастысы, адамдардың өмір сүру сапасы артады. Табиғи отынның арқасында жерлестерім пеш жағуды қойып, мүмкіндіктерін кеңейтіп, жеке кәсіп аша алады. Біз «Қазақойл Ақтөбе» компаниясына демеушілік көрсеткені үшін алғыс айтамыз, онсыз газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүрмес еді немесе белгісіз уақытқа созылар еді, — дейді ол.

Аскат Өтегенов өткен жылы серіктестік Жағабұлақ ауылынан Жаркемерге газ құбырын тартуға 100 миллион теңгенің бірінші траншын аударғанын айтты.

— Биыл қосымша қаражат аударылады, — деді ол. — Бұл жоба Ақтөбе облысы әкімдігі мен «Қазақойл Ақтөбе» компаниясы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылып жатқан көп жобаның бірі ғана екенін атап өткім келеді.

Аскат Өтегенов Жаркемерді газдандыру мәселесі Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетовтің жеке бақылауында болғанын атап өтті.

— Біздің компания үшін, әсіресе, жер қойнауын пайдаланатын аумақта тұратын адамдарға қатысты үлкенді-кішілі мәселе жоқ. Біздің серіктестік келісім аясында ғана емес, жергілікті атқарушы биліктің барлық ұсыныстары мен бастамаларын қолдайды.  Бұл жоба бойынша аудан әкімдігімен, мердігер ұйыммен үнемі байланыста болып, бірнеше рет нысанды аралап, құрылыс барысын тексердік, — дейді ол. — Биылғы жылдың 21 шілдесінде Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов, біздің компанияның газды кәдеге жарату кешенін пайдалану бөлімінің басшысы Білім Бақтыгереевпен бірге Жаркемер ауылында болдық. Сонда газ құбырының құрылысы қарқынды жүріп жатқанына көзіміз жетті. Ауылдың өзінде барлық қажетті жұмыстар аяқталды және одан әрі магистральдық газ құбырына дейінгі жұмыстарды жүргізу жалғасуда. Біздің қаржылық көмегіміз ауыл тұрғындарының үйлерін газбен қамту үдерісін жеделдеткеніне сенімдіміз.

Айтпақшы, жер қойнауын пайдалану аумағының тұрғындарына демеушілік және қайырымдылық көмек көрсету бүгінде бас директор Қанатбек Қасымғалиев пен бас директордың бірінші орынбасары Чжао Цзичэнь жетекшілік ететін кәсіпорынның дәстүрлі игі шарасына айналып үлгерді.

Мұқтаж жандарға қол ұшын созып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу үшін серіктестік ұжымы негізгі өндірістік мақсаттарға жету жолында қарқынды еңбек етуде.