Жетім көрсең- жебей жүр!
05.01.2022
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа жылдық жолдауында, 2022 жыл – Балалар жылы деп жарияланды. Әрбір мемлекетте, әрбір қоғамда тұлдыр жетім, жартылай жетім балалар қашанда болғаны және бары ащы шындық.
Қоғамымызда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған- жетім балалар, жартылай жетім балалар саны артпаса, кемімейтіні көңіл құлазытады. Тек қана Ақтөбе облысы бойынша жетім және жартылай жетім балалар саны 867 құрайды.
Мемлекет тарапынан көрсетілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету программасы бойынша жылдар бойы кезегін күтіп жүрген жетімдер саны көп. Бір бала баспаналы болуы үшін, 20 жыл шамасында кезек күтеді екен.
Мемлекеттік тұрғын үйлердің жетіспеушілігіне байланысты, 2018 жылы жетім балаларды қолдау мақсатында , кейіннен тұрғын үй сатып алу үшін «Отбасы Банкі» АҚ-да шоттарын толықтыру түрінде «Мейірім» бағдарламасы бастама алған болатын. Атаулы акция аясында «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС қызметкерлерінің көрсеткен көмегі арқасында 2018 жылдан 2021 жыл аралығында 8 жетім баланың «Отбасы банк» АҚ-дағы есеп шоттары 11 млн.тенгеден асып түсті.
Заман ағысына қарай қоғамдағы көмекке зәру, мүмкіндігі шектеулі осал топтағы жандар көңілден таса қалып қойып жатыр. Жүк түскен жеріне ауыр демекші, адам басына ауыртпалық түскенде ғана түсініп жатамыз.
Қайырымдылықта еліміздің барлық азаматтарын біріктіруші қағидаттың зор әлеуеті бар, ал Компанияның негізгі бағыттарының бірі қайырымдылықты дамытуға жәрдемдесу болып табылады.
Атаулы акция аясында мұқтаж жандарға көмек қолын созу- игі істері компаниямызда әлі де жалғасып келеді.