Демеушілердің жаңажылдық шыршасы

19.02.2013

Оттай жанған көздер, қуанышты сәби жүздері, күлкі, ойын-сауық… «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС демеуші ретінде ұйымдастырған жаңажылдық шырша мерекесінде мұғалжарлық балдырғандардың шат көңіліне біз де куәгер болып қайттық. Бала біткен ғажайыпқа сенеді! Әрқайсысы Жаңа жылға бір керемет сыйлық алғысы, Аяз атаны көргісі келеді, әсем шырша жанында шыр айналып билеуге құмар. Бала арманын өз әл-қадірінше облыстағы әлеуметтік жауапкершілігімен көпке мәлім «Қазақойл Ақтөбе» Компаниясы жыл сайын орындауға барын салады.

22 желтоқсанда жаңажылдық шаралар бастау алды.

Әдеттегідей қайырымдылық акциялары Мұғалжар ауданында басталды. Кім біледі, бір жиырма жылдай уақыт өткен соң бүгінгі жас бүлдіршіндер біздің Компания қатарын толтырып, туған елінің игілігіне қызмет ететін болар.

Автобусты балаларға әзірленген тәтті тартулармен, жылы пледтермен және оргтехникамен (жергілікті мектеп үшін) толтырып алып, Компания өкілдері Мұғалжар ауданындағы ең алыс елді мекен – Қожасайға жол тартты. Мұнайшылар өздерімен бірге «Екі езу» әзіл-сықақ театрының әртістерін де алып барды, олар балалар үшін жаңажылдық қойылымын «баптап» келеді.

Жақы қонақтарды табиғаттың өзі де қуана қарсы алғандай. Ертемен Қожасайда қар жауды. Мектептің акт залы жаңажылдық әшекейлермен әсем безендірілген екен. Зал балалармен, қойылымды қызықтауға келген олардың ата-аналарымен лық толды. Ересектер өмірінде ғажайып оқиғалар сирек, күнделікті күйбеңмен ондай айшықты мезеттердің тым алыста екендігін байқай бермейміз де…

Ауылдастар ішінен Мухамбетали Абылкаев ақсақал ортаға шығып, демеушілер атына игілікті іс-сапары үшін рақметін жаудырды. Балдырғандарға жаңажылдық сыйлықтар таратылды, мектепке компьютер мен принтерді тарту етілді.

Одан соң нағыз қызық басталды: сахнаға «Екі езу» шықты.

Қысқасы, демеушілер әзірлеген ертегі іспеттес жаңажылдық бағдарлама көптің көңілінен шықты.

Елуден астам бала Аяз атаны көріп, ертегі кейіпкерлерімен бірге еркін-емін билеп, шат-шадыман болып қалды. Қараңыз: сахнаға ескі жыл символы – есіркегіш Ұлу мен Жаңа жыл символы – жарылқағыш Жылан шықты, міне. Ортаға шығып, өз өнерлерін көрсеткен бүлдіршіндер еленбей қалмады. Ескерусіз қалған бірде-бір бала қалмаған тәрізді. Үлкен-кіші – бәрі де жапа-тармағай, таласа ескерткіш үшін фотосуретке түсіп жатты…

Түс ауа мейрамның екінші бөлімі Жағабұлақ ауылында жалғасты. Мұнда да «Қазақойл Ақтөбе» өкілдерін жергілікті жұртшылық құшақ жая қарсы алды. Мұның алдында мұнайшылар жағабұлақтықтарды Халықаралық балалар күнімен құттықтап кеткен-ді.

Компания өзі мұнай өндіретін өңірлерде – Мұғалжар мен Байғанин аудандарындағы елді мекендерде жыл сайын осындай мерекелерді өткізуді дәстүрге айналдырған. Қамқорлық шараларынан әдеттегідей мүмкіншіліктері шектеулі сәбилер мен Алға балалар үйінің тәрбиеленушілері де тыс қалмады.