Боулингтен өткен турнир
19.02.2013
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні – еліміздің ең басты мемлекеттік мейрамы, ол жыл сайын 16 желтоқсанда атап өтіледі. Қазақстан бүгінде – тәуелсіз, бүкіл әлем мойындаған, қарқынды өркендеп келе жатқан мемлекет. Ұлттық мереке құрметіне бүкіл елімізде мәдени-көпшілік және спорт шаралары өтті. «Қазақойл Ақтөбе» Компаниясы бұл атаулы оқиғадан шет қала алмады. Офистік костюмдерін жай киімге ауыстырып, Компания қызметкерлері бұл жолы жыл сайын құрылымдық бөлімшелер арасында осы мерекеге орай өткізілетін боулинг турнирінде күш сынасты. Турнирге Бас дирекцияның, Техникалық дирекцияның, Қаржы дирекциясының, Коммерциялық дирекцияның командалары, Әлібекмола, Қожасай кен орындарынң, газ зауытының командалары, барлығы 7 команда қатысты. Дәстүр бойынша турнирге мұнайшы балалары да тартылды, оларға бөлек жолшалар ұсынылды.
Әуелі барлық ойыншылар қысқаша инструктаждан өтті. Міне, жарыс басталып та кетті. Кім мерген, кім епті, кім шебер, енді ғана іс жүзінде байқалады. Басында кейбір ойыншылар сәтсіздікке де кездесті, лақтырған шарлары нысанадан мүлт кетіп жатты. Бірақ ойын қызған сайын нәтиже де арта түсті. Жанкүйерлер де қарап қалмады, таблода «strike» жазуы көрінген сайын өз командаларын қызу қолдап жатты. Жалпы кездесуді достық кездесу десек те, боулингшілер жеңімпаздар қатарынан көріну үшін барын салып бақты. Шындығында да, спорттың аты – спорт емес пе?!… Жеңіске қол жеткізу – басты мүдде! Жалпы турнир тартысты да, қызықты өтті. Жарыс нәтижесінде Бас дирекцияның командасы үздік атанды. Әлібекмола командасы жеңімпазға бар болғаны бірнеше ұпай ғана жіберіп алып, екінші орынды иеленді. Жүлделі үшінші орынға газ зауыты командасы шықты. Жеке ойыншылар арасында Бас дирекция өкілі Асхат Утегенов үздік деп танылды.
Бұл күні ойынға қатысқандардың қай-қайсысы да үйлеріне құр қол қайтпады: барлық командалар арнаулы дипломдармен, ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар ересек боулингшілерге «Планета Электроники» магазинінің сертификаттары, ал жас ойыншыларға жұмсақ ойыншықтар тарту етілді.