«Арай» әлеуметтік серіктестік бағдарламасы

26.01.2011

2010 жылдың наурыз айында Ақтөбе облысында «Арай» әлеуметтік серіктестік бағдарламасының тұсаукесері өтті. Аталған бағдарламаны Қазақстанда жүзеге асырушы – «ЛУКОЙЛ» мұнай Компаниясы.

«Арай» бағдарламасы Қазақстан Республикасында теңдесі жоқ әлеуметтік бағдарлама болып табылады, бағдарлама кіші бизнесті қолдауға, дарынды жандардың шығармашылығын дамытуға, тұрғындардың бастамаларын демеуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Бағдарлама әрбір талапкерге конкурстық негізде мөлшері 850 мың теңгеге дейін өтеусіз грант алуға мүмкіндік береді.

Аталған бағдарламаның аясында «ЛУКОЙЛ» Компаниясы өзіне ерікті түрде ЛУКОЙЛ тобы қызмет ететін өңірлердің жергілікті тұрғындарының өміріне ғана емес, сонымен қатар жалпы қоғам өміріне әлеуметтік-жауапкершілікті қатысу міндеттемелерін қабылдайды. Бағдарламаны Компания жер қойнауын пайдалану туралы келісім-шарттар бойынша орындалуы міндетті әлеуметтік міндеттемелерден тыс қаржыландырады.

Бағдарлама аясында 2010 жылғы конкурсқа Ақтөбе облысы бойынша Мұғалжар ауданының 453 тұрғыны қатысты. 57 бизнес-жоспарды комиссия үздік деп танып, гранттар бөлді.

Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде Мұғалжар ауданында тігін және ағаш шеберханалары, наубайханалар, шаштаразылар, автосервистер мен газбен, электрмен дәнекерлеуші цехтар, компьютерлік орталықтар, жылыжайлар, мал өсіретін мини-фермалар, сондай-ақ ел ішінде жоғары сұранысқа ие демалыс орталықтары ашылды.

«ЛУКОЙЛ» Компаниясының «Арай» әлеуметтік серіктестік бағдарламасы қысқа мерзімде әлеуметтік серіктестіктің қағидаларын нақты жүзеге асыру нәтижесінде көпшіліктің құрметіне ие болды. ЛУКОЙЛ ақшалай гранттар беріп қана қоймай, ынталы, кәсіпкер жандардың көңіліне өз күшіне деген сенімді ұялатты, отбасы әл-ауқатын жақсартуға, сүйікті ісімен айналысуға мүмкіншілік жасады.

2011 жылы «ЛУКОЙЛ Оверсиз» Компаниясының қазақстандық филиалы «Арай» бағдарламасы кеңістігін ұлғайтпақшы, аталған бағдарлама облысымыздағы Мұғалжар ауданымен қатар енді Байғанин, Хромтау және Темір аудандары аумағында да жүзеге асырылатын болады.