«Анаға тағзым»

26.10.2018

«Қазақойл Ақтөбе» компаниясы «Мұнай-газ саласында жұмыс жасайтын аналарға арналған ең үздік кәсіпорын» номинациясына ие болып, Ақтөбе облысы әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды.  

Қыркүйектің 20 –нан  21-не дейінгі мерзімде Ақтөбе қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірінші рет ұйымдастырылып отырған аналар Слеті өтті. Екі күндік Слетке Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1200 делегат қатысты. Басты қатысушылары- мәдениет, спорт, бизнес, білім және ғылым салаларының дамуына елеулі үлес қосқан әйелдер, көпбалалы аналар. Аталған шараға біздің кәсіпорынның да қызметкерлері қатысты. Салтанатты ашылу рәсімі басталғанға дейін ғимараттың фойесінде ана сүйіспеншілігі тақырыбында суретшілер көрмесі өтті.  

Слеттің салтанатты ашылуы барысында облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев шараның негізгі мақсаттары болып табылатын ұлттың отбасылық құндылықтары мен салауаттылықты қорғауда, өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеуде қоғам мен биліктің шоғырлануы, отбасын, аналарды және балаларды қолдауға ұсыныстар әзірлеу  екендігін атап көрсетті.  

Сондай-ақ, шараға ҚСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Социалистік еңбек ері – Вера Сидорова,  бала құқықтары бойынша уәкілетті тұлға  Сенат депутаты –  Сауле Айтбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері  Марфуға Айтхожина,  қоғам қайраткері- Алтыншаш Жаганова және тағы басқалары қатысты.

Ісшара барысында жұмыс жасайтын аналарға қолайлы жағдай туғызатын әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компаниялар марапатталды. Комиссия шешімдерінің қорытындылары бойынша «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС Компаниясы «Мұнай-газ саласында жұмыс жасайтын аналарға арналған ең үздік кәсіпорын» номинациясына ие болып, Ақтөбе облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.  

Ақтөбеде Слет өткізу күндерінде республикада бірінші рет «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығы және аналар аллеясы ашылды.  Нысанның ішкі бейнесі керемет, сондай-ақ оның ғимаратының дизайны да көркемдігімен көз тартады- кешен ананың ақ шағалай аппақ жаулығы түрінде салған.