«Үшжақты меморандум бекіді»
31.01.2019
Жалақыны өсіру, жұмысшыларды әлеуметтік қорғау және өндіріс көлемін арттыру. Бүгін «Қазақ ойл Ақтөбе» компаниясының басшылығымен кездескен облыс әкімі осы жылдың негізгі міндеттерін атап көрсетті. Қойылған талаптардың үдесінен шығу үшін үшжақты меморандумға қол қойды.
1998 жылы негізі қаланған «Қазақ ойл Ақтөбе» компаниясы – өңірдегі ең ірі кәсіпорынның бірі. Негізгі кен орындары – Әлібекмола мен Қожасайда. Мұнай мен газ өндіреді. 2018 жылғы жоспар бойынша қара алтынды межеден асырып орындаған. Биыл 635 мың тоннаға жуық мұнай өндірмек. Сұйылтылған газ өндіру бойынша 2019 жылы көрсеткіш артады.
Компанияда 569 жұмысшы бар. Бас директордың айтуынша, орташа жалақы 420 мың теңге. Жалақы уақытылы, өткен жылы 10 пайызға өскен, тиісті материалдық көмек төленіп отыр. Мұнайшылардың барлығы спорт, өнер және қоғамдық істерде белсенді. Былтыр әр қызметкер жалақысының белгілі бір мөлшерін аударып, 6 жетім балаға тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен депозит ашып, ақша салды. Өңірдегі ірі шараларға да атсалысып отырады. “Бақытты бала” жобасы, Елордада бой көтерген “Бейбітшілік қабырғасына” да компанияның қосқан үлесі зор.
“ҚазақОйл Ақтөбенің” осы жылға қойған мақсаты айқын. Десек те, ұжымдық келісімшарттың орындалуы мен компания міндеттерінің іске асуын нақтылайтын бүгін маңызды құжат бекіді. Меморандумға облыс әкімі, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысы мен компанияның бас директоры қол қойды.
aktobetv.kz
Гүлбағда Қайратқызы
«Қазақстан Ақтөбе» телеарнасы