««ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының стратегия, инвестициялар және бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары Дастан Абдулгафаровпен сұхбат»

09.08.2020

Дастан Абдулғафаров: «ҚазМұнайГаз» 2021 жылдың соңына дейін мұнайдың төмен бағасына дайындалуда

Компания шығындарды оңтайландыра отырып, дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыруда. Дағдарыс және оның «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына ықпалы туралы басқарма төрағасының стратегия, инвестициялар және бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары Дастан Абдулғафаров баяндап берді.

– Дастан Елемесұлы, жалпы әлемдегі дағдарыс тұтыну көлемінің күрт төмендеуіне, импорттың шектелуіне, жол және әуе тасымалының азаюына және жұмыс күшінің ауысуына ықпал еткені белгілі. Осының бәрін түйіндейтін болсақ, «ҚазМұнайГаз» қандай қиындықтарға тап болды?

– Дағдарыс Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласында қуат көздері бағасынының төмендеуіне, экспорт көлемі мен мұнай өнімдерінің ішкі тұтынуының азаюына, мұнай өңдеу зауыттарында шикі мұнайды өңдеу көлемінің қысқаруына және сақтау сыйымдылықтарының шамадан тыс толуына алып келді. Міне, соның салдары ҚазМұнайГазға едәуір кері әсер етті. Бірінші кезекте, негізінен түсімнің біраз төмендеуіне байланысты жоспарлы қаржылық көрсеткіштерге қол жеткізбейміз. Бұл өз кезегінде кассалық алшақтыққа, кредиттік рейтингтердің төмендеуіне және ковенанттардың бұзылуына әкелуі ықтимал.

Дағдарыс компаниямыздың басқа да қызмет бағыттарына өз салқынын тигізді. Сұраныс төмендеді, сондықтан бұған дейін жоспарланған көрсеткіштермен салыстарсақ, Қытайға экспортталған газ көлемі шамалы кеміді. Сол себепті ҚМГ мұнай өнімдерін сақтау көлемінің шамадан тыс көп болуын алдын алу мақсатында зауыттарда мұнай өңдеу өндірісін азайтып жатыр. 

Дағдарыс ҚМГ-ның инвестициялық қызметіне де елеулі ықпалын тигізуде. Шекаралар жабылып, карантин енгізілгеннен кейін инвестициялық жобалардың басым бөлігін іске асырылмай қалып, оларды орындау мерзімі кейінге шегерілді. Теңгеге шаққандағы валюта бағамының өсуі жобалар бойынша шығындардың артуына әкелді. Бұл кіріс бойынша болжамның төмендеуімен қатар жаңа жобаларды іске қосу жөніндегі шешімдердің қабылдауына да жағымсыз ықпал етті.

Осының бәрін ескере отырып, ағымдағы шығындарды өтеу де бізге оңай болып жатқан жоқ. Себебі алдағы уақытқа болжамданып отырған және қазірдің өзінде түсіп жатқан кірістердің деңгейі төмен. Жұмысымызды қалыпты тәсілдер бойынша жалғастыратын болсақ, бұған дейін жинақталған қаражаттың барлығын жұмсап жіберу қауіпі төніп тұр. Сонымен қатар, басқа да дағдарыс басталған жағдайда барлық қорымыздан айырылып қалу қауіпі тағы бар. Егер мұнай бағасы 2019 жылдың деңгейіне дейін көтерілмесе, онда ҚМГ жағдайы дағдарыс салдарынан оңалмай, нарықтағы өзінің тұрақты позицияларын жоғалтуы әбден мүмкін.

– Сондықтан ҚМГ дағдарысқа қарсы стратегияның әзірленгені туралы мәлімдеді. Қолға алынған шаралар, жоспарларыңыз туралы және қандай нәтиже күтесіздер, сол жөнінде айтып берсеңіз.

– Иә, компания 2020-2021 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы стратегияны әзірледі. Ол қысқа мерзімге есептелген, сол себепті икемді және қалыптасқан жағдайға компанияның шұғыл әрекет етуін көздейді. Біз өндірістік және кадрлық әлеуетті барынша сақтай отырып, компанияны мұнайдың төмен бағасына бейімдей отырып, ҚМГ дағдарыстан кейін жұмыс істейтін ресурстар, технология мен құзыреттерді жинақтауымыз қажет. 

Дағдарысқа қарсы стратегияны әзірлеген кезде біз мұнайдың төмен бағасы 2021 жылдың соңына дейін сақталуы мүмкін деген болжамға дайындалдық. Сондықтан өз алдымызға бірнеше негізгі міндеттер қойдық. 

Біріншіден, «ҚазМұнайГаз» әлемнің алпауыт компаниялары БиПи, Шелл, Тоталь, Эксон Мобил сияқты шығындарын қысқарта бастады. Қазіргі уақытта біз барлық шығындарды 146 млрд теңгеге, соның ішінде күрделі шығындарды 103 млрд теңгеге, операциялық шығындарды 26 млрд теңгеге, әкімшілік шығындарды 17 млрд теңгеше қысқарттық. Корпоративтік орталықтың жұмысын өзгерттік. Орталық аппарат дер кезінде тиімді шешім қабылдай алатын, шағын, мобилді болуы тиіс. Біз орталық аппараттың ұйымдық құрылымын қайта қарап, аппараттағы қызметкерлер санын қысқарттық. Компания басшылығының жалақыларын азайттық. Қатардағы қызметкерлердің еңбекақысы өзгеріссіз қалды. Бұдан бөлек, біз сыйақылардан мүлдем бас тарттық. Жыл соңына дейін корпоративтік орталықтың қызметкерлеріне ешқандай сыйақы мен бонустар төленбейді.

Осының барлығын санасақ, басшылардың кірісі 50 және одан да көп пайызға азайды. Тек корпоративтік орталық бойынша еңбекақы қорын үнемдеу 5 млрд теңгені құрайды.

Еншілес кәсіпорындарда өндіріске қатысы жоқ және қызметкерлерді жұмыспен қамтуына әсер етпейтін барлық шығындар қысқартылды. Алдағы уақытта жағдайға қарай тағы да қандай шығындарды оңтайландыруға болатынын қарастырамыз.

Біз өндірістегі қызметкерлерді қысқартпаймыз. Басты міндетіміз – жұмысшы мамандықтарды сақтап қалу.  

Екіншіден, алдымызда икемді өндірісті қамтамасыз ету мәселесі тұр. Бұл дегеніміз пайдасыз ұңғымалар қорын тоқтату есебінен өндіру көлемі қысқаруы ықтимал. Бұдан бөлек, мұнай өндіру көлемі ОПЕК+ мәмілесі аясында Қазақстан Республикасы қабылдаған міндеттер есебінен де азаятын болады.

Үшіншіден, өздеріңіз білесіздер, біз бейінді емес активтерді шығару жөніндегі стратегияны іске асырып келеміз. Сонымен бірге, дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде, мысалы, өз өзін ақтаған және қазір өндірісі құлдыраған бейінді активтерді де қоса алғанда, дивестициялар бағдарламасы тұрғысында түбегейлі шараларды қабылдау мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Бұл бізге бүгінгі таңда аса қажетті қосымша оңтайландыруды және ақша қаражатының түсімін қамтамасыз етеді.

Төртінші, мұнай мен газдың ресурстық базасын ұлғайту. Кез келген дағдарыс кезінде тәжірибе жинақтап қана қоймай, көптеген мүмкіндіктерге жол ашылатыны белгілі. Мысалы, ҚМГ қазіргі жағдайда компаниялары тобына синергиялық әсері бар, экспорттық нарықтарға шыға алатын, сондай-ақ заманауи технологиялармен жабдықталған активтерді сатып алу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл келешекте табысты жобалар болуы ықтимал, оларға назар аудару қажет.

– ҚМГ ұлттық компания мен еншілес ұйымдар арасындағы міндеттер бөлінетіні туралы жариялаған болатын. Бұл жұмыс қалай жүргізіліп жатыр?

– Қазіргідей дағдарыс кезеңінде активтерді басқарудағы икемділіктің маңызы зор. Біз басқару кезінде болар жағдайды алдын ала болжап, сапалы басқарушылық шешімдерді шұғыл қабылдауымыз қажет. Ол үшін корпоративтік орталық пен еншілес кәсіпорындар арасында өкілеттіліктер мен жауапкершіліктің аражігін нақты бөліп алуымыз керек. Бұл бизнес-үдерістерді оңтайландыру және аралық шешімдердің санын қысқарту есебінен бюрократиялық жүктемені едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, корпоративтік орталық орта және ұзақ мерзімді болашақта бизнестің мақсатты көрсеткіштерін жоспарлау, қаржылық тұрақтылық, инвестициялық тиімділік, қосымша құн тізбегін басқару, цифрландыру және басқа да стратегиялық мәселелердің шешіміне ден қояды. Бұл ретте, жоспар бойынша HR, сатып алу және қаржылық функциялардағы күнделікті іске асырылатын процестердің бір бөлігі ортақ қызмет көрсету орталығымызға берілмек. IT қызметі бұл орталыққа беріліп қойған.

Компанияның технологиялық дамуы мен инновацияларына, әсіресе барлау және өндіру бағытындағы дамуына «ҚМГ Инжиниринг» мекемесі жауапты болатынын ерекше атап өткен жөн. Себебі бұл белгілі бір мамандандырылған кәсіби шеберлігі жоғары сарапшылардың шоғырлануын талап ететін жекелеген жұмыс.

– «ҚазМұнайГаз» компаниясы көнерген кен орындарды игеруде, бұған дейін де олардың өзіндік құнына қатысты талай қиындықтар туындаған. Осы мәселенің түйіні қандай?

– Дұрыс айтасыз. «ҚазМұнайГаз»-ға қарасты кейбір кәсіпорындар ескі кен орындарды игеріп жатыр. Бұл мұнай өндірудің «шыңына» жеткен кен орындар. Ұлттық компанияның осы мәселемен айналысқанына бірнеше жыл болды. Жұмыстардың сапасы мен тиімділігін арттыру, қорлардың орнын толтыру тәсілдерін іздестіру, жаңа қорларды дайындау және оларды жаңа, сондай-ақ ескі кен орындарында, соның ішінде барлауға дейінгі қорытынды бойынша игеруге енгізу мәселелеріне ден қойылған.

Айталық, 2017 жылы ҚМГ қайта барлаудың егжей-тегжейлі бағдарламасын әзірледі. Ол дәлдігі жоғары 3Д сейсмобарлауды және жаңа ұңғымаларды бұрғылауды қоса алғанда, белгілі бір кен орындарды қайта барлау жөнінде іс-шараларды іске асырудың түрлері, көлемі мен мерзімі бойынша ұсыныстарды қамтыды. Бүгінде осы жұмыстардың нәтижесі бар, қосымша қорлар балансқа қойылып, өндіруге енгізілді.

Біз салық жеңілдіктері тұрғысында мемлекеттік органдармен де өзара жұмыс істейміз. Өзен кен орны бойынша алдағы 3 жылға 2,6% мөлшерінде пайдалы қазбаларды өндіру салығына жеңілдік берілді. Үнемделген қаражаттың бір бөлігі Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсалса, ендігі бір бөлігі «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының жеке өндірістік процестеріне инвестицияланады. 

Өкінішке қарай, әлемнің қаржы және мұнай нарығындағы дағдарыстың, мұнайға төмен бағаның салдарынан Ұлттық компанияға қарасты бірқатар мұнай өндіру активтері өндірістің шығынсыз деңгейін қамтамасыз ете алмайды. Бұл мұнай өндіру көлемінің азаюына әкеледі. Әсіресе, бұл өзіндік құны жоғары ескі кен орындарға байланысты.

– Шетел инвестицияларын тарту үшін геологиялық барлау саласында қандай шаралар қабылданып жатыр?

– «ҚазМұнайГаз» компаниясы өзінің стратегиялық серіктестерімен бірге барлау активтері бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Айта кететін жәйт, аталған жобалар кэрри-қаржыландыру шарттары негізігінде жүзеге асырылады. Яғни, стратегиялық серіктестес барлаудың барлық кезеңдеріндегі шығындарды 100% өз есебінен қаржыландырады. Геологиялық барлау тәуекелі жоғары іс-шара болғандықтан, бұл жаңа кен орындарды іздеу тәуекелдерін бірге көтеріп, озық технологияларды тарту және әлемдік мамандармен тәжірибе алмасудың бірегей мүмкіндігі болып табылады. Сонымен қатар әлемдік мұнайгаз компанияларымен еліміздің шөгінді алаптарын және барлау блоктарын бірлесіп зерттеу жөнінде келісімдер жасалады.  

Геологиялық барлау саласында шетел серіктестерінің қатысуымен іске асырылып жатқан бірнеше маңызды жобаларды атап өтейін. Атап айтқанда, 2019 жылдың сәуір айында ҚМГ Лукойл компаниясымен бірлесіп, «Жеңіс» жобасы бойынша жер қойнауын пайдалануға Қазақстанның Энергетика министрлігімен келісімшарт жасасты. 2019 жылдың шілдесінде «ҚазМұнайГаз» ENI-мен бірлесіп, Абай учаскесінде көмірсутекті барлау мен игеруге Қазақстанның Энергетика министрлігімен келісімшартқа қол қойды. Алғашқы барлау ұңғымаларын бұрғылау мақсатында осы жобалар бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жұмыстар жоспарға сай жүріп жатыр.

2020 жылдың басында ВР компаниясымен келісім жасалды. Оның аясында ВР компаниясы ҚМГ-мен бірге Қазақстанда геологиялық барлау мен өндіру жұмыстарын жүргізуге дайындығын білдірді. Өзара мүдделі учаскелер анықталды, бағалау жүргізілді, енді барлау мен өндіруге келісімшартқа отыру мақсатында келіссөздер жүргізу жоспарланып отыр. Эквинор, ЛУКОЙЛ, Шеврон және тағы басқа компанияларымен бірге мұнайлы-газды алқаптар геологиялық тұрғыда зерттелуде.

Әлбетте, мұнай бағасы құлдыраған кезеңде компания өзінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін дағдарысқа қарсы шараларды барлық бағыттар бойынша қабылдауға міндетті. Соның ішінде, геологиялық барлау да бар. Бүгінгі таңда тәуекелдерді жіктеу және көп қаражатты талап ететін жаңа жобаларды реттеу шаралары іске асырылды. Нәтижесі бойынша барынша перспективті учаскелерде жұмыстарды жалғастыру жөнінде тиісті шешімдер қабылданды. Бұл ретте тәуекелдерді бірге көтеру үшін отандық және шетел серіктестерінің болуы ескерілді.  

Қорлардың орнын толтыру және тиімді барлау жүргізу мәселесі қашанда Ұлттық компанияның стратегиялық міндеттерінің бірі болып келді және солай болып қала береді.

– Цифрлық трансформациялау бағдарламасы кейінге шегеріле ме?

– Цифрлық трансформациялау жобасын біз дағдарысқа қарсы стратегияның бір бағыты ретінде қарастырамыз. Бұл бүгінгі күннің талабы екенін жақсы түсінеміз. Осы бағытты дұрыс қолға алсақ, компанияның мүмкіндіктері кеңейе түседі. Дегенмен, артық қыламыз деп, тыртық қылудың қажеті жоқ. Біз трансформациялық жобаларды мұқият саралап, жан-жақты ойластырып барып іріктеп аламыз. Нақты қаржылай табыс әкелетін жобаларға басымдық берілетін болады.

Қазіргі уақытта бізде түрлі бағыттағы жобалар бар, көбісін біз жалғастырамыз. Көпфункционалды ортақ қызмет көрсету орталығын құру және жаңартылған ERP жүйесін енгізу шығындарды қысқартуға, бизнес-үдерістердің ашықтығын арттыруға бағытталған. Бұдан бөлек, өндірістегі қатынастар мәдениетін дамытуға көмектесетін HR-бастамалары мен Lean Six Sigma бағдарламасы да бар. Осының бәрі адамдардың күнделікті жұмысына деген қатынасын өзгертіп, еңбек етуге жігерін арттырады.

Жалпы әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, цифрландыру негізінен upstream саласында мейлінше нәтиже береді. Ұлттық компания ұзақ жылдар бойы Интеллектуалды кен орны тұжырымдамасын дамытып келеді. Бұл тұжырымдама кен орындарынан алынған деректерді кеңінен талдау арқылы мұнай өндіру процесін барынша тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Біз компанияларымыздың ерекшелегін ескере отырып, жасанды интеллектіні қолдану және машинамен оқыту мүмкіндіктерін зерттеп жатырмыз. Мұндай жобаларды енгізу қабылданып жатқан технологиялық шешімдердің тиімділігі мен сапасын арттырады, сондай-ақ бірінші кезекте операциялық шығындарды оңтайландырады деп есептейміз.  

– Компания дағдарысқа қарсы шараларды іске асырғаннан кейін оның нәтижесі қандай болмақ?

– ҚМГ өзінің шығындарын кірістің қазіргі төмен деңгейіне сәйкестендіріп, өз операциялық ағындарын ретке келтірсе, демек біздің міндетіміз табысты орындалғаны. Сонымен бірге компания бүгінгі күнге дейінгі жинақталған ақша қаражатын барынша сақтап, борыш жүктемесін ескере отырып, осы қаражаттың басым бөлігін операциялық шығындарға емес, стратегиялық даму жобаларына жұмсайтын болса, бұны да жетістік деп санаймыз. 

Жоғарыда аталған шаралар дер кезінде іске асырылатын болса, «ҚазМұнайГаз» алдағы ықтимал сынақтарға шұғыл әрекет ете алатын, тиімді басқару үлгісі бар компанияға айналатыны сөзсіз. Ол заманның да ауылы алыс емес.