«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ында мерейтойлық 10 миллион тонна мұнай өндірілді

02.04.2013

13.03.2013 жылы «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ында (тепе-теңдік негіздегі Қатысушылар – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы мен Caspian Investments Resources Ltd («ЛУКОЙЛ Оверсиз» бен Sinopecтің бірлескен кәсіпорны) мерейтойлық 10 миллион тонна мұнай өндірілді. «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС Қазақстан Республикасы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Әлібекмола мен Қожасай мұнайгазконденсатты кен орындарын игеріп келеді. Аталған кен орындары Ақтөбе қаласының оңтүстігінде 250-270 км қашықтықта орналасқан. Кен орындары өткен ғасырдың 80-ші жылдары ашылғанымен, күрделі тау-кен-геологиялық құрылымына, мұнай құрамында күкіртсутек мен меркаптандардың мөлшері жоғары болуына байланысты оларды игеру кейінге қалдырылып келді. Аталған кен орындарын өндіріске әзірлеу 1999 жылы «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС құрылған соң барып қана жүзеге асырыла бастады.

Әлібекмола кен орны 1987 жылы ашылған. Геологиялық-барлау жұмыстарын Кенқияқ геологиялық-барлау және Ақтөбе барлау экспедициялары жүргізді. Барлау жұмыстары (1987-1994 жылдар) саяси және экономикалық дағдарыс кезеңіне тап келді, оның салдары кен орындарын әзірлеу ісіне үлкен қолбайлау болғандығы айқын. Дегенмен де, 1994 жылы Әлібекмола кен орнының запастары Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі тарапынан бекітіліп, 1999 жылға дейін кен орны Республика резервінде болды. Сол жылдың 28 қыркүйегінде «Қазақойл» Ұлттық Мұнай Компаниясы директорлар кеңесінің шешімімен «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС еншілес кәсіпорнын құрады. Осы сәттен бастап Әлібекмола кен орнын жобалау және әзірлеу жұмыстары басталып та кетті. Сонымен қатар дәл сондай жұмыстар Қожасай кен орны бойынша жүргізіле бастады. Әлібекмола кен орнын сынамалы пайдалану жобасын әзірлеу «НИПИнефтегаз» ЖАҚ-ына жүктелді. Жоба бойынша мұның алдында бұрғыланған барлау ұңғымалары блогын консервациядан шығару қажет болды. Аталған жоба 2001 жылғы 18 сәуірде ҚР әзірлеу жөніндегі Орталық Комиссиясы тарапынан бекітілген соң «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС орналастыру және мұнай дайындау қондырғысын (МДҚ) жобаларын жасауға кірісті. Және сол жылы Компания жаңа ұңғымаларды бұрғылауды қолға алды. Алғашқы боп №51 ұңғыма, одан соң №26 және №28 ұңғымалар бұрғыланды. 2001 жылғы 3 желтоқсанда алғашқы Әлібекмола мұнайы алынды. 2004 жылы кен орындарын игеру басталған сәттен бастап есептегенде 1 миллион тонна мұнай өндірілді.

Соңғы 5 жылда Компания кен орындары бойынша мұнай өндіру динамикасы жылдан жылға артып келеді: 2008 жылы өнім өндіру көрсеткіші 759,2 тонна болса, 2012 жылы өндіру қарқыны 1,252 миллион тоннаға жетті.

«Қара алтын» өнімін арттырудың басты жетекші күші – бұл ынтымағы жарасқан ұйымшыл еңбек ұжымы, мамандардың, жұмысшылардың қажырлы еңбегі, жоспарлы көрсеткіштерді табысты орындауға, салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға бағытталған шаралардың жемісі болып табылады. Сондай-ақ өндірістік көрсеткіштердің ойдағыдай орындалуына, сөз жоқ, өз кезегінде ұтырлы ұйымдық-техникалық шараларды, атап айтқанда, қойнауқат қайтарымын артыру, қолданыстағы өндіруші ұңғымалар қорының оңтайлы технологиялық жұмыс режимін тұрақты қолдау, мұнай-газ өндіру саласындағы жаңа техника мен инновацилық технологияларды өндіріске енгізу жүзеге асыру елеулі ықпал етті.