«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65-жылдығына орай өткізілген шаралар туралы ақпарат
14.05.2016
Ұлы Жеңістің 65-жылдығы қарсаңында серіктестікте мерейтойға арналған шаралар ұйымдастырылып, жоғары дәрежеде өтті.
Мұғалжар ауданында тұратын соғыс ардагерлерін (олардың саны 01.01.2010ж. 34 адамды құрады) марапаттау үшін ақша қаражаты аударылды.
1-2 мамырда Компания бөлімшелері арасында мини-футболдан турнир өтті, онда Бас дирекция, техникалық дирекция, коммерциялық дирекция, кен орны командалары мен Алға балалар үйінің командасы бақ сынасты.
Екі күндік қызу тартыс нәтижесінде Алға балалар үйінің командасы 12 ұпай жинап, жарыс жеңімпазы атанды.
ΙΙ орынды Бас дирекция командасы иеленді.
ΙΙΙ орынға техникалық дирекция командасы шықты.
Ойындар аяқталған соң (1-2 мамырда) жас жеткіншектер командасы мен олардың жанкүйерлері үшін «Қысқы бақ» ресторанында мерекелік кешкі ас берілді. Сондай-ақ ең үздік деп танылған жас футболшыға ескерткіш сыйлық табысталды.
4 мамырда «Жетінші аспан» ресторанында Компания қала әкімдігімен бірлесе отырып, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арнайы дастархан әзірлеп, құрмет көрсетті, кездесуге 11 қарт жауынгер қатысты. Қала әкімінің орынбасары С.М.Қалдығұлова майдангерлерге мерейтойлық медальдарды табыстады. Ал Компанияның Бас директоры бүкіл ұжым атынан ақсақалдарға арнаулы сыйлықтар мен жеміс толы кәрзеңкелерді ұсынды. Бас директор А.В.Решетнев: «Сіздерді қабылдау – біздер үшін үлкен құрмет», – дей отырып, ардагерлерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, шынайы лебізін білдірді.
Майдангерлер кеудесінде жарқыраған наградалар, көз тартар георгиев ленталары, дастарқан басында шырқалған майдан әндері – осының бәрі кездесудің шырайын келтіріп, ұмыстылмастай әсер қалдырды. Көздеріне жас ала отырып, жауынгерлер жорық жолдары туралы сыр шертті.
7 мамырда Компания қызметкерлерінің балалары арасында өткен сурет конкурсы қорытындыланды. 5-6, 7-8, 9-10 жас аралығындағы бүлдіршіндер мен жеткіншіктер ішінде жеңімпаздар анықталды. Сондай-ақ төмендегі номинациялар бойынша көтермелеу сыйлықтары табысталды:
- «Ең көркем сурет»
- «Ең көңілді сурет»
- «Үздік сюжетті сурет»
- «Ең белсенді қатысушы (қыз бала)»
- «Ең ерекше сурет»
- «Ең оптимистік сурет»
- «Үздік патриоттық сурет»
- «Үздік шығармашылық туынды»
- «Жақсылық шуағын төккен сурет»
Аталған конкурс тұңғыш рет өткізілген болатын, сондықтан да ата-аналар бұл шара дәстүрлі түрде өткізіліп тұрса екен деген тілектерін білдіріп жатты. Бұл конкурс, шындығында да, өте қызықты өтті. Балалар тақпақтарын айтып қана қоймай, соғыс жайындағы өз түсініктерін ортаға салды. Ал Компания басшысының өзі оларға ескерткіш сыйлықтарды ұсынып, тәтті торт қойылған дастархан басына шақырғанда, жас суретшілердің төбелері көкке жеткендей, мәз-мәйрам болып қалды.
Осы бір сұрапыл соғыста біздің жеңіске қалай қол жеткізгенімізді ұмытпау, ұрыс даласында қаза болған боздақтарды үнемі еске алу, жанымызда жер басып жүрген көзі тірі ардагерлерге ұдайы қамқорлық жасау – біздің парызымыз. Жас ұрпақ майдангерлер ардагерлері алдында мәңгілік қарыздар. Комапанияда патриоттық сезімді тәрбиелеуге арналған осындай игілікті шаралардың заңды жалғасын табатыны сөзсіз.