Қайырымдылық пен демеушілік – “Қазақойл Ақтөбе” Компаниясы тарапынан жүзеге асырылатын әлеуметтік бағдарламаның басым міндеттері

26.01.2011

“Қазақойл Ақтөбе” ЖШС еліміздегі ең жас мұнай компанияларының бірінен саналады. Кәсіпорын құрылған күнінен бастап денсаулық сақтау мекемелеріне, талантты спортшыларға тұрақты демеушілік көмек көрсетіп келеді. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, аз қамтылған отбасылар, тағдыр тәлкегіне түсіп, ата-аналарынан айрылған жетім балалар да назардан тыс қалып көрген жоқ.

Мәселен, 2010 жылғы 2 маусымда Мұғалжар ауданындағы Жем қаласында (бұрынғы Ембі-5 әскери қалашығы) орналасқан №1 «Балбөбек» балалар бақшасында қайырымдылық акциясы өткізілді. «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ы мен осы бір мектеп жасына дейінгі мекеме арасындағы байланыстың түп-тамыры әріде жатыр. Мұнда Компанияның демеушілік көмегімен Халықаралық Балаларды қорғау күні облыстық «Алақай» қуыршақ театрының спектаклі қойылды.

Ал 2010 жылғы 4 қазанда Қарттар күніне, Мүгедектер күніне және ұрпақтар сабақтастығы күніне орай және бір қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында қаладағы мүгедектер қоғамы мүшелеріне – Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне, тыл ардагерлеріне, жергілікті әскери қақтығыстарға қатысқан мүгедектерге, сондай-ақ Зағиптар қоғамы мүшелеріне азық-түлік таратылып, материалдық көмек берілді. Акцияның негізгі мақсаты – қарттар мен мүгедектерге қамқорлық, сый-құрмет көрсету, моральдық тұрғыдан қолдау.

Биылғы жылы Компания мен Ақтөбе облысы әкімдігі арасында жасалған Меморандумға сәйкес қуаңшылық салдарын жою, өңірде осыған байланысты әлеуметтік тұрақсыздықты болдырмау мақсатында 200 млн.теңге мөлшерінде, сондай-ақ Қобда ауданындағы Егіндібұлақ ауылындағы стадион мен 2 тұрғын үй құрылысына 52 млн. теңге мөлшерінде ақшалай қаражат аударылды.