Қайырымдылық акциясы
20.05.2009
2009 жылдың көктемінде «Қазақойл Ақтөбе» Компаниясы қайырымдылық акциясын өткізді. Мұғалжар ауданындағы Жем қаласында (бұрынғы Ембі-5 әскери полигонының аумағы) №1 «Балбөбек» балалар бақшасында мұнайшылар қауымының демеушілігімен Алматы қаласынан келген «Аладдин» эстрадалық-цирк ұжымы өз өнерлерін көрсетті.
«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ының осы бір мектеп жасына дейінгі балалар мекемесінмен өзара қарым-қатынастарының тарихы әріден басталады. Бұдан екі жыл бұрын мұнай Компаниясының басшылығы өзінің қарамағындағы «Искра» қонақүйін №1 балалар бақшасына төлеусіз пайдалануға берген болатын. Облыс орталығынан шалғайда, 300 шақырым қашықтықта орналасқан шағын қалашықтың тұрғындары үшін бұл керемет тарту еді. Бұған дейін мұнда бірде-бір балабақша болмаған, ондай мекеменің ауадай қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Міне, енді демеушілердің көмегімен екі қабатты, жинақы, әп-әдемі балалар бақшасы өз есігін жүздеген жас бүлдіршіндерге айқара ашты. «Қазақойлдықтар» электрмен қамтамасыз ету, жылыту шығындарын өз мойындарына алған-ды, әрі балабақша алаңын жөнге келтіруде. Ал бүгін болса, олар балақайларға циркті тамашалау мүмкіншілігін ұсынып отыр.
Қойылым, шындығында да, өте қызықты өтті. Не десек те, жарты әлемді шарлаған әртістер ғой… Әсіресе, клоун Мишаняның – артист Михаил Васнецовтың өнері ешкімді де бей-жай қалдырмады: ол жонглер да болды, ол ол ма, балалармен доп ойнап, секіргішпен секіріп, өзіне әбден баурап алды. Ұжымның арт-директоры фокусшы Ғалинұр Бахтияров сахнаға шыққанда балалар ауыздарын ашып, қарап қалды.
Тағы да таңдандырған өнерпаз – Пәкстаннан келген ерекше жанр әртісі Сәлім Махаммади болды. Ол жуан темірді майыстырып, мойнына орап, шыр айналдырды. Сосын тұрған орындықты тістерімен тістеп алып, басынан асыра айналдырғанда, балдырғандар кілт тынып, үн-түнсіз міз бақпай қалды. Онымен қоймай, әлгіндей әдіспен бір қыз баланы орындығымен бірге көтергеніне не дерсің…
Дегенмен де, бағдарлама жұлдызы атағына нағыз лайық жан – өнері сонау ата-бабаларынан біткен цирк әртісі, Голландияда өткен халықаралық фестивальдың лауреаты, «Күміс клоун» жүлдесінің иегері Беркін Болатов деп таныдық. Мұндай буынсыз, пластикалық дене некен-саяқ, шамасы. Оның гимнастикалық трюктеріне таң қалмаған көрермен болмады. Тіпті қарап отырып: «Ау, мына әртіс сүйектен емес, пластилиннен жаралған шығар», – деп таңдай қағасың. Ол бүкіл денесін «жиып алып», бір жағы бар болғаны 40 сантиметр шыны кубтың ішіне еніп, отырып алғанын айтсаңызшы!
Майталман цирк өнерпаздарына Жем балақайлары шаттана қол соғып жатты…