ҚМГ-ның еншілес ұйымы — Қазақойл Ақтөбе өз кен орындарында мұнай өндірісін қарқынды дамытуда

27.03.2026

Ресурстар қорын толықтыру және көмірсутек өндіру көлемін арттыру — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның негізгі басымдықтарының бірі. Осы міндеттерді іске асыру аясында Ақтөбе облысындағы Әлібекмола және Қожасай кен орындарында өндірісті дамытуға бағытталған кешенді бағдарлама жалғасуда.

2025 жылы ҚМГ-ның еншілес компаниясы — «Қазақойл Ақтөбе» кен орындарында жаңа ұңғымалар құрылысы бойынша бірнеше жылға созылған үзілістен кейін бұрғылау бағдарламасы қайта жанданды. Жұмыстар басталмас бұрын кешенді дайындық зерттеулер жүргізіліп, геологиялық-геофизикалық деректер жаңартылды, сондай-ақ игерілуі қиын қорларды өндіріске тарту мүмкіндігі ескеріліп, гидродинамикалық модельдеу қайта қаралды.

 Бағдарлама аясында бес пайдалану ұңғымасы бұрғыланды: Әлібекмола кен орнында тереңдігі 3600 метр болатын екі ұңғыма және Қожасай кен орнында тереңдігі 3800 метр үш ұңғыма.

Жобаны іске асыру нәтижесінде қосымша 18,2 мың тонна мұнай өндірілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Қазақойл Ақтөбе» компаниясы 481 мың тонна мұнай өндірді.

Барлық жұмыс бекітілген техникалық жобаларға сәйкес, сондай-ақ өнеркәсіптегі қауіпсіздік пен еңбекті қорғау талаптарын сақтай отырып орындалды.

Бұрғылау кезінде заманауи технологиялық шешімдер қолданылды, соның ішінде бұрғылаудың аралас әдісі мен бұрғылау бағанасының төменгі бөлігінің құрастыру элементтерін оңтайлы таңдау тәсілі бар. Озық технологиялық шешімдерді кешенді енгізудің нәтижесінде 2020 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда бұрғылаудың механикалық жылдамдығы 15–20% артты, ал шегендеу бағаналарын цементтеу сапасы 70%-дан 85% дейін жақсарды. Бұл күрделі геологиялық жағдайларда ұңғымалар құрылысын жылдамдатып, жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Бір ұңғыма құрылысының орташа ұзақтығы жоспарланған 90 күннен 78 күнге қысқарды. Сапалы бұрғылау ерітінділерін қолданудың арқасында ұңғыма оқпанының тұрақтылығы қамтамасыз етіліп, борпылдақ таужыныстарында шығынның алдын алуға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде нысандарды іске қосу мерзімін жеделдетті.

— Жаңа ұңғымаларды пайдалануға беру мұнай өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік бермек. Біз ресурстық базаны дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және кен орындарын тиімді игеруге жүйелі түрде инвестиция салып отырмыз. Бұл компанияның одан әрі өсуі мен тұрақты дамуы үшін берік негіз қалайды, — деді «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС бас директоры Нұрсейіт Союнов.