Балаларды қорғау күні қарсаңында «Қазақойл Ақтөбе» балаларға мереке сыйлады
04.06.2026
Балаларды қорғау күні қарсаңында «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС Компания кен орындарына жақын орналасқан елді мекендерде тұратын көпбалалы отбасылардың балаларына, жетім балаларға және ерекше қажеттіліктері бар балаларға қайырымдылық көмек көрсету жөніндегі игі дәстүрін жалғастырды.
Биылғы қайырымдылық акциясы аясында Ембі, Жем және Қандыағаш қалаларында, Мұғалжар ауданының Батпақкөл, Құмжарған және Еңбек ауылдық округтерінде, сондай-ақ Байғанин ауданының Қызылбұлақ ауылдық округінде тұратын балаларға сыйлықтар дайындалып, табысталды. Сонымен қатар, Компанияда еңбек еткен, өмірден өткен қызметкерлердің балаларына да сыйлықтар берілді.
Жалпы саны 930 дамытушы және танымдық сыйлық, оның ішінде ойыншықтар, үстел ойындары мен конструкторлар балаларға табысталды. Әрбір сыйлық балаларға қуаныш сыйлап, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және мерекелік көңіл-күй қалыптастыруға ықпал ету мақсатында ерекше қамқорлықпен таңдалды.
Компания өскелең ұрпаққа көңіл бөлу, балаларға қолдау көрсету мен қамқорлық таныту бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды бөлігі екеніне сенімді. Балалардың шынайы күлкісі мен қуанышты көңіл-күйі – игі істерді жалғастыруға шабыт беретін ең үлкен марапат.





