Қазақойл Ақтөбе компаниясында жаңа Конституция жобасы талқыланды
03.03.2026
ҚМГ-ның еншілес кәсіпорны — «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС (ҚОА) өндірістік алаңында мекеменің басшылығы еңбек ұжымымен кездесіп, жаңа Конституцияның жобасын және алдағы республикалық референдумды талқылады.
Іс-шара ашық диалог форматында ұйымдастырылды. Қатысушыларға жаңа Ата Заңымыздың негізгі баптары түсіндірілді.
Өндірісті жаңғырту, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, еңбекті қорғау және адами капиталды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Заманауи мұнай-газ саласы білікті мамандарды талап ететіні, ал білім беру мен кәсіби дамуға салынатын инвестициялар ұзақ мерзімді өсудің маңызды факторы екені атап айтылды.
— Біздің компания үшін әлеуметтік жауапкершілік, экологиялық тұрақтылық және қауіпсіз өндіріс қағидаттары басым бағыт болып қала береді. Осыған байланысты жаңа Конституция жобасында табиғи байлықты сақтау, цифрландыру, ғылым мен білімге ерекше ден қойылған. Осы маңызды қағидаттардың барлығы саланың одан әрі өркендеуіне серпін беретініне сенімдімін, — деп атап өтті ҚОА бас директоры Нұрсейіт Союнов.


